Қазақстандық блогер Ерсұлтан Байжанов әлеуметтік желілерде Жақсықылыш кентіндегі жағдайды «экологиялық апат» деп атап, оны «Аралтұз» АҚ қызметімен байланыстыратын бейнероликтер тарағаннан кейін Арал ауданындағы елді мекенге арнайы барды.
Блогер жағдайды сол жерде зерделеп, әлеуметтік желілерде айтылған аумақтарды аралады, кәсіпорынның өндіріс орнында болып, қолда бар құжаттармен танысты.
Негізгі мәселелердің бірі кенттің тұрғын үйлер орналасқан бөлігіне жақын жердегі суға қатысты болды. Бұған дейін әлеуметтік желілерде тараған бейнероликтерде бұл судың пайда болуы кәсіпорын қызметімен және аумақтың су басуымен байланысты болуы мүмкін деген пікір айтылған.
Алайда Байжановтың айтуынша, К. Байсейітова көшесінің маңындағы су айдыны табиғи тұзды көл болып табылады.
«К. Байсейітова көшесінің жанындағы су айдыны – табиғи тұзды көл. Мұны Жақсықылыш кентінің әкімдігі ресми түрде растайды. Оның үстіне, кент аумағында жеті табиғи тұзды көл бар. Бұл – осы жердің табиғи ерекшелігі», – деді блогер.
Сонымен қатар Байжанов табиғи су айдындарының болуы ірі өнеркәсіптік кәсіпорын қызметіне қатысты экологиялық бақылаудың қажеті жоқ дегенді білдірмейтінін атап өтті.
Оның пікірінше, мұндай мәселелер нақты деректер, зерттеу нәтижелері және мамандардың қорытындылары негізінде қарастырылуы тиіс.
«Кәсіпорынның жанындағы суды көрсетіп, оны зауыт төкті деген қорытынды жасауға болмайды. Егер өнеркәсіптік төгінді туралы айтатын болсақ, оған нақты деректер: сараптама нәтижелері мен мамандардың қорытындылары қажет», – деді ол.
Блогер Жақсықылыш өміріндегі кәсіпорынның рөліне де назар аударды. Оның айтуынша, «Аралтұз» – елді мекендегі негізгі жұмыс берушілердің бірі. Кәсіпорында мыңнан астам адам еңбек етеді, олардың басым бөлігі – жергілікті тұрғындар.

Компания кенттегі әлеуметтік жобаларға да қатысады. Мектепке қолдау көрсетіп, білім беру және спорттық бастамаларға, сондай-ақ қоғамдық кеңістіктер мен әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жобаларға атсалысып келеді.
Сапарының қорытындысында Байжанов экологиялық жағдайды талқылағанда расталған фактілерді болжамдардан ажыратып, мәселеге жан-жақты қарау қажет екенін айтты.
«Аралтұз» туралы сөз болғанда жағдайға тұтастай қарау маңызды. Қатты мәлімдеме жасамас бұрын сол жерге барып, бәрін өз көзіңмен көріп, фактілерді тексерген дұрыс», – деп түйіндеді блогер.